«Жас қанат»
республикалық байқауы
    Қаз  /  Рус
«Жас қанат» жас таланттарды шақырады

 

12 мамырда еліміздегі ерекше танымалдыққа ие музыкалық жобалардың бірі «Жас қанат» Республикалық жас орындаушылар байқауы басталады.

Өткен жылы Тәуелсіздігіміздің төл құрдасы «Жас қанат» жобасының 25 жылдық мерейтойы атап өтілді. Дегенмен, мемлекетіміз сияқты жас байқаудың алар асуы әлі алда. Осы уақыт аралығында «Жас қанат» байқауы қазіргі таңда халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген біршама отандық эстрада жұлдыздарының бағын ашты. Олардың ішінде Медеу Арынбаев, Ерлан Көкеев, Нұрлан Абдуллин, «Үркер» тобы, Бақыт Шадаева, Жанар Дұғалова, Мәдина Сәдуақасова, Құрмаш Махан, Сәкен Майғазиев, Гаухар Қаспақова, Алтынай Жорабаева, Жанна Орынбасарова, Нұрлан Албан, Бейбіт Қорған, Гүлнұр Оразымбетовалар бар.

2012 жылы байқаудың бас жүлдесін Димаш Құдайбергенов иеленді. Сол кездегі бала Димаш бүгінде Қытайда өткен әлемге аты шулы «I am a Singer» байқауына қатысып, төрткүл дүниеге танылды. Димаштың әкесі Қанат Айтбаев құттықтауға жауап ретінде ұлының табысқа жетуінде «Жас қанаттың» да үлесі барын айтып, Мурат Иргалиевқа алғыс білдірді.

«Жас Қанат» байқауына Қазақстанның түкпір-түкпірінен вокалдық қабілеті жоғары, талантты да жалынды жастар жиналады. Байқауға келген әрбір қатысушы жеңімпаз атанып, туған жеріне «алтын қанатпен» оралуды армандайды.

- Менің ойымша, «Жас қанат» - жас әнші үшін бір университетке бергісіз үлкен мектеп, себебі бұл жерде қатысушы аз ғана уақыт ішінде бүкіл Қазақстан алдында өнер көрсету мүмкіндігіне ие болады. Байқау қатысушыға зор жауапкершілік жүктесе де, оны абыроймен атқарып шығу қажет. Сынақтан сүрінбей өткен жастың қанаты қатайып, танымалдылыққа қол жеткізеді, – дейді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, әнші Нұрлан Абдуллин.

«Жас қанат» жас таланттарды ашып қана қоймай, адамды шабыттандырып, сенім мен үміт ұялататын байқау. Байқаудың өткен жылғы жеңімпазы – семейлік Парасат Отан. Жерлесінің жеңісінен қуат алған шығысқазақстандықтар осы жылы «Жас қанатқа» қатысуға көптеп өтініш білдірді. Сондықтан биыл Астанада өтетін байқауға Шығыс Қазақстаннан тұтас делегация келеді, ішінде 5 адамнан құралған INCORO тобы да бар.

«Жас қанат» қатысушылар репертуарының түрлілігімен ғана емес, Отанымыздың географиялық алыс аудандарын жақындастыратынымен де әйгілі. Бұл байқау жүректерді ғана емес, аймақтарды да біріктіреді. «Жас қанат-2017» байқауында Өскемен, Павлодар, Ақтау, Тараз, Петропавловск, Алматы, Көкшетау, Шымкент, Қарағанды, Талдықорған, Астана қалаларының жас вокалистері бақ сынайды. Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, биыл байқау форматы мен уақытына қатысты бірқатар өзгерістер енгізілген, нақты қандай өзгерістер екені әзірше құпия. Алайда, жүлде бұрынғыша қола, күміс және алтын қанат болып қала береді және ең үздіктерге бұйырады. Ал бәйгеде кімнің оза шабатынын финалда білетін боламыз.

2017 жылдың ең дүбірлі бәсекесі Астанадағы киелі сахналардың бірі – Бейбітшілік және келісім сарайында 12-14 мамыр аралығында өтеді.

«Жас қанат-2017» XXVI Республикалық жас орындаушылар байқауының баспасөз орталығы

+7-707-328-38-35 (Наталия)

+7-777-210-70-17 (Ирина)

 

Поделиться с друзьями: